Қазақтың қол өнері

Менің дүниеге келуім 1947 жыл. Баян-Өлгей аймағы, Алтанцөгц сұмынында дүниеге келген екемін. Бұл кезде Монголда революция жеңіске жетіп, жеке үкімет болып орнағанына 26 жыл толған.

Ал, Баян-Өлгей аймағы орнағанына жеті-ақ жыл толған екен. Дүние жүзілік екінші соғыс аяқталып, орыс пен бірге соғысқа қатысқан елдер қираған шаруашылықтарын қалпына келтіріп жатқан кез болатын. Сондықтанда әзірге үкіметтің назары халықтың әлеуметтік жайына онша бетбұрыс жасай қоймаған. Елді жұмыспен қамту, орталық заңға бағындыру, мәдениетке көшу жайы қолға алынбаған шақ еді.
Қай заманда болмасын елдің өркені, халықтың жай күйі сол кезде елді басқарған адамның саясатына байланысты болады ғой.
Маршал Хорлогийн Чойбалсан (1895 — 1952) ертеден елдің белді жұмысына араласып жүрсе де оның таққа отырып жоғарғы билікке келуі 1939 жылдан өзі өлгенше 1952 жылға дейін жалғасты. Чойбалсанның әкесі Жамц деген қытайдың ішкі монголынан келіп Хорлоға үйленген. Бірақ жергілікті адамдар оны келімсек, қаңғыбас деп қудалап елден шығарған. Сол кеткеннен ол қайтып оралмай дүниеден өтіпті. Іште қалған баласы шешесі Хорлооның атымен аталған көрінеді. Чойбалсан өзі әкесі кім екенін мүлде білмей өскен.
Орыстан мектеп оқып білім алып, елде революциялық ұйымдармен араласады. Революцидан кейін ол Сталиннің көмегіне сүйеніп Монголда өте қатал саясат жүргізген. Діндарларды жазалау науханында қаншама жазықсыз адамдар сотталып атылып кеткен. Бай өлкелік қазақтардан да талай молдалар «Эсэргүү» деп ұсталып қайта оралмаған. Қазақтардың өздері бірін-бірі Эсэргүү деп көрсетіп ұстап беріп отырған. Осылай ат тағылып ұсталған адамдарды тек өлім ғана күтуші еді.
Аласапыран басылып дүние жүзілік екінші соғыс аяқталған соң ел іші біраз тынышталып күн көру қамына кіріседі. Әрбір таудың қуысын мекенденіп малын баққан бытыраңқы қазақтар өз бетінше кетіп, үкіметтің шаруасына араласпаған болатын. Әркім өз малын өзі бағып, өз тірлігін өзі жасап күн көретін. Жер иен тегін, ешкімнің де меншігі емес. Малын қайда бағады, шөбін қайдан шабады, қайда қыстап, қайда жайлайды өз еркі еді.
Жылқы, түйе, сиыр сияқты ірі малдарды ешкім бақпайды. Үйренген жерінде өз бетінше жайылады. Өйткені ұры болмайды. Тек қасқырдан қору үшін қой ғана бағылады.
Қазіргідей жер қайысқан техника машина көлік мүлдем жоқ деуге болады. Жұрт ауыстырып көшетін көлік тек түйе ғана. Ховда өзен бойын қыстаған елдер жазда шыбыннан қашып жетпіс шақырым жерге дейін осы түйемен көшеді. Күзде қыстаққа қайтып оралады.
Қыстақта бірден-екіден, немесе төрттен-бестен ағайын туыс семья бірігіп, топ-топ болып, бытыраңқы отыратын. Шамасы жоғы шымнан, тастан үй қалап, шамалысы ағаштан үй салатын. Және ол тек бір бөлмелі ғана болушы еді. Біздің де мен көрген алғашқы үйіміз тар, қараңғы сығырайған жалғыз терезелі шым үй болды. Ол кезде әйнек табу қиын болғандықтан терезе деп аталатын ойыққа қойдың қарнын керіп қоятын. Осы кездегідей электр жоқ, ауылды жерде тіпті парафин май шамы да сирек. Көбінде қалбырға малдың тоң майын құйып қатырып. мақтадан білте жасап шам жағушы еді.
Қазір біз отқа көмір жағып сондада аязды күндері үйді жылыта алмай отыратын кезіміз бар ғой. Бұл үйдің бөлмесі көптігінен болар. Төрт, бес бөлмелі не болмаса коттедж үй болмаса көңіліміз көншімейді. Дүние қуған пендеміз ғой! Ал ол кезде ше?
Отқа көмір жағу түске де кірмейді. Малдың қыйын, тезегін жағады. Орманды жерде болса қыс бойы қу шырпы, томар теріп жағады. Таулы жерде тау беткейінде өсетін қара жусанды жұлып жағады. Ол түтіндеп тұрып, лап етіп жанады да тез өшеді.
Күнделікті отынды әйелдер немесе балалар дайындайды. Отын терген ауыл балалары таудан жусан жұлып, қанарлап етекке қарай домалатып жарыстырып ойнайтын. Беткей тік болса домалаған күйі етекке бірақ түседі. Кімнің отыны озық жатса сол жеңімпаз.
Ауылда қойды кешке қосақтап сауады. Балалар қой сауылып болғанша қозыны жібермей әудем жерде жайа тұруы керек. Қой сауылып, қосақ ағытылып «Айда!» деген айқай естілгенде қозыны жамыратып жіберуі керек. Жібермес бұрын балалар бір-бір «жүйрік» ұстап алып сәл кешіктіріп жібереді. Мұнда жеңімпаз кімнің жүйрігі озғанына байланысты. Міне ол кездегі балалар ойыны осы тектес болған еді. Балалардың осындай жұтаңқы ермегіне қосарымыз көп болса асық ойнау мен ақсүйек лақтыру ғана.
Кино, концерт дегенді мүлде естімей, білмей өстік. Қалада болса болған шығар бірақ оны ауылға әкелмейтін. Ауыл деп атағанмен ауыл да емес өзеннің өнбойына, таудың қуыс қуысына бытырап шашылып жатқан ел болатын. Арасында бірен — саран үйінде сауда сататын үйлер болды. Оларды «агент» деп атайтын.Оларда ұсақ — түйек сауда болғанымен халықта ақша бола бермейтін. Ол кезде дайын дүниеге үйренбегендікі ме екініің бірі ісімер болатын. Әйелдер жадағай бұлдан киім тігіп, еркектер бұлғарыдан қолдан жасалған ағаш қалыпқа салып етік тігіп алатын еді. Әкеміз бен шешеміз барлық тұрмыстық бұйымды дерлік қолдан жасайтынын көзбен көрдік.
Қойдың күзгі жүнін жуып кептіріп тулаққа салып сабаумен сабап байланған іртігін жазады. Бұдан соң тоқылған шиді жазып қойып үстін толтыра тығыздап сабалған жүнді төсейді. Келесіде жүннің үстіне ыстық су сеуіп шиді шиыршықтап орап арқанмен шандып буады. Оралған арқанмен екі жаққа кезек тартып домалатады. Шиден шығарған соң тағыда әйелдер қатарласа отырып білекпен басады. Осылайша оны біріктіріп пысырып шығарғанға көптеген еңбек, күш жұмсалады. Нәтижесінде оюлы сырмақ жасауға, үй жабатын үзік, туырлық, түңлік жасауға киіз дайын болады.
Ши тоқу машахатты жұмыс. Тек ерінбейтін төзімді адамдардың қолынан келеді. Шиді алдымен даладан таңдап тартып қабығын аршып дайындау. Өрнекті болдыру үшін әрбір шиді түрлі бояумен боялған жүнмен орау. 11, 12 жерден арқау жіппен буу үшін Жіптің екі ұшына тас байлау. Кермеге салып әрбір шиді қосқан сайын барлық жіп байланған тасты айқастырып салып отыру шаруасы істеледі. Қазақ үйдің Киізін бастық. шиін тоқыдық. Енді үйдің ағашын істесек басымызға үй дайындап алған болып шығамыз.
Қазақ үйдің қанқасын жасауға сындарлы ақ талды аршып кептіреді. Қойдың көңін жалдап үйіп тұтатып мор салады. Салынған мор жалын шығып жанбай, тек тұтанып қызып екі үш күнге дейін сөнбейді. Соны пайдаланып үй ағаштарын төрттен бестен морға көміп жібітіп. кезекпен тезге салып түзетеді, иін шығарады. Тез деген аспап — диаметрі 35-40 см, ұзындығы үш метрлік дөңбек. Ат ағаш сияқты арты аласа, алды белуардан келетін биіктеу етіп қозғалмайтын берік тағанға орнатылады. үстінен ысқауыр мен түзетілетін ағаш қабат сиятындай кертік жасалып жұмыс сонда жасалады. Ысқауыр дегеніміз — ұзындығы екі метрдей қайыңнан жасалған берік болуы керек. Сол ысқауырдың алдына ағашты кертікке салып қыстырып ысқауырды мықынмен итере басып ағашты түзетіп отырады.
Үй ағашы мордан түзетіліп шыққан соң оны буырлап өңдеп, жосалап, үскімен тесіп, түйенің алдын ала көн ғып кептірген терісін суға жібітіп таспа тіледі. Осы таспалармен кереге көктеледі. Таспаның ұшын ептеп пышақ ұшымен жіңішке тіліп, тіліктің арасын сүмсуірмен ашып таспаның ұшын қайырып сол тіліктен өткізіп, қысқа кесіп алады. Таспа кепкеннен кейін екі жақ басын тойтарған шеге сияқты ағашты ұстап тұрып қалады. Уықтың шаңырақ көздеріне киілетін басын төрт бұрыштап қаламдайды. Керегеге келетін иінді басын тесіп бау өткізеді.
Шаңырақты берік болу үшін тағыда қайыңнан жасайды. Өлшеп кесілген қайыңды қабығынан арылтып кептіреді. Сыртын жұмырлап, ішін тегістеп өңдейді. морға салардан бұрын суда жібітеді. Морға қыздырып тезге салып иеді. Аздап иіле келе екі басына екі бөлек арқан байлап, енді ортасына екі жағы тесілген қысқа ағаш келтіріп, арқанның екінші ұштарын сол тесіктерден өткізіп байлап шаңырақ иілген сайын арқанды тартып бекітіп отыру керек. Соңында тартылған арқанды шешпей кептіреді. Садақ тәрізді иген осындай екі бөлік ағашты біріне-бірін қосып бекітіп ортасына күлдіреуіштер орнатады.
Ырым күлдіреуіштер ыдырамас үшін орнатылады, Бұрын әйелі бала көтермеген үйдің шаңырағына орнататын болған. Ырым деп аталуы содан болар.
Осылайша үзік туырлық баулары, шаңырақ жел бауыларына дейін қолдан тоқылып өрнектеліп жасалады. Бұған тұскиіз сияқты әр түрлі кестелі бұйымдарды қосыңыз. Темірді саз балшықтай илеп аспап құралдар жасайтын өнер тағы бар.
Сонда бұрын қазақтар тұрмыстық керектің бәр-бәрін қолдан жасап алатын болғаны ғой. Енді неге біз сол өнердің бәрінен айрылып магазиннің қымбат дүниесіне қарап қалдық екен деген ой келеді. Сырттың саудасына тәуелді болмай, қазақтың қол өнері тоқтап қалмай осы күнге жеткен болса әр түрлі технологиялармен толықталып, жетіле дамып, қазақ өзінің төл өнерімен күн көрген болар ма еді, қайтер еді!? Ең болмаса халықтың қосымша табысы ретінде қалар ма еді.

Ою

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *