Балалық бал дәурен

Менің өмірімнің бастамасы  Монголияда өткен 45 жылғы балалық шақ пен жастық шақ болса, екіншісі Қазақстанда болғаным 30 жылдан асып келеді.

Қазір Қазақстанның Абай облысы Семей қаласы төңірегінде тұрып жатырмын. Менің туған жерім Баян-өлгей аймағы Алтанцөгц сумыны. Біздің үй дейтін шым үй Алтанцөгцден сәл төмен Ховда өзенінің оңтүстік жағалауында шымнан қаланған бір бөлмелі үй болыпты.

Бөлме ортасында жұқа қаңылтырдан қолдан жасалған пеш, тағы сондай қолдан жасалған мұржа пештен тура төбеге шығып тұрады. Пешті әкем өзі жасап алады екен. Менің ең алғаш өзімді бұл дүниеде бар екенімді сезінуім дәл осы үйде от басында аяғыма кеседен ыстық шай төгіліп кеткенде болыпты. Әкем көтеріп апарып оң жақтағы ағаш төсекке жатқызғанын білемін. Жалаңаш аяққа шай төгілгенде селк етіп оянып қайта ұйқтап қалғандай кейін не болғанын мүлде білмеймін. Алғаш ес біле бастағанда адам төңірегін үзік-үзік бірде біліп, бірде білмейтін сияқты. Тек бірдеңе қатты әсер еткенде сезініп, ештеңе әсер етпесе түк те сезбейме деп ойладым.

Осыдан бір екі жыл өткен соң бұл жерден көштік. Машина деген ол кезде жоқ, түйемен атпен көштік әрине.
Ховда өзенді жағалай келіп суға мінбелеген үлкен жартастың желке тұсынан өзеннен өттік. Өзен осы тұста екі айрық болсада ағысы қатты екен. Су тереңдігі ат бауырынан келеді. Бұдан терең болып түйе аяқтамайтын болса онда түйе қабырғалап жатып алып жүзетін еді. Түйенің жүзуі үстінде жүк болғанда немесе адам болғанда қауіпті болар еді. Бірақ су онша терең болмады.

Өзен екі айрылып барып қайта қосылып ортасында үлкен арал пайда болыпты. Аралда теректер өскендіктен «Селдіртерек» деп атайтын көрінеді.

Біз осы маңнан көп алыс емес, «Қараарал» деген жерге қоныстандық. Ховда өзеннің солтүстік жағалауы орманды жер. Мұнда теректен басқа қайың, қаратал, бозтал, шырғанақ, шілік, жыңғыл өседі. Бозтал ұзын және түзу болып өседі. Сондықтан оны уық, кереге жасауға керектенеді. Орманның сыртында ашық жерлерге ұзын ши өседі. Шиді тартып алып үйге ши тоқиды. Тоқылған ши туырлық пен керегенің арасына ұсталады. Ши жоқ үйдің керегесінің табы киіздің сыртынан білініп епсіздеу көрініп тұрады.

Ал теректен бір бөлмелі үй тұрғызып алады. Кейін тіпті екі бөлмелі үй тұрғызатын болды. Ағаштың ішкі жағын тегістеп шауып, сыртын жұмыр күйінде қалдырып, тек қана ағаштың ара-арасын сары балшықпен сылап отыра беретін.
Біздің әкеміз де теректерді өлшеп кесіп түйеге теңдеп тасып әкеп жүріп үй тұрғызды. Менен жеті жас үлкен ағайым бар еді. Бірақ ол да көмекке жарамсыз жас болатын. Осылайша қара арал біздің алғашқы мекеніміз болды. Ол кездегі заманымыз, жағдайымыз жұпыны болса да балалық шақтағы мекен ұжымақтай болып естен кетпейді.
Мұнда бұрын отырған бірнеше үй бар екен. Біз соларға келіп қосылдық. Төңірегімізде жақын маңда тағыда топ тобымен отырған ауылдар бар.

Осында келген соң әкеміз қойдың көңінен мор тұтатып үй ағаш жасайтын болды. Уықтарын тезге салып түзетіп, қарнын иіп, қаламдап шығаратын. Керегелерін тезден шығарған соң түйенің көн терісін жібітіп көктеп біріктіретін. Енді бұған қайыңды тағыда мормен жібітіп, тезбен иіп, күлдіреуіштерін орнатып, көзеп шаңырағын жасап шығарған соң үйдің ағашы есік салып тігуге дайын болушы еді. Өңдеу үшін бір таудың бөктерінен табиғи қызыл топырақты қазып алып суға езіп сонымен бояйтын.
Бұны үй ағаштарын жосалау деп атайды. Мұндай қызыл топырақ сирек кездеседі. Уық кереге керқызыл түске боялып шығады да бояуы кетпейді, көп жылға шыдайды.

Әкем ұста болатын. Бірақта темір табылмайды. Сондықтан жұқа қаңылтыр, бос қалбырлар табылса да соларды жинап әкеліп көрікке салып, қатты қыздырып, шыжытып темірғып біріктіріп шығаратын. Сонан кейін барып одан таға соғатын. Ол кезде көмір ашылмаған шырғанақ ағашын шала жағып су құйып өшіріп, көмірғып алатын. Басқа жай ағаштардың көмірі темірді қыздыратындай қатты қызу шығармаса керек. Ұстаға қандай аспаптар керек бәрін өзі жасап алатын. Сол аспаптардың арқасында темірді кесіп, тесіп, иіп неше түрге келтіруге болушы еді.

Біз отырған Қара арал мен Ақкөл арасы 70 шақырым. Ақкөл Қызыл үй арқылы орыстан келетін тауарларды қабылдап алып, керекті жерлерге таратып отыратын баз болатын. Орыстан жүк тиеп келетін камаздар, Уланбатордан, Өлгейден келіп жүк тиеп әкететін машиналар болмаса, Ақкөлдің өзінде машина бірен-саран.

Кейде әкем осы Ақкөлге барып түйеге темір теңдеп әкеледі. Онда да қиып-қиып алып таға соға беретін ыңғайлы темір табылмайды. Жүк машинаның рама темірлері мен ободтарын әкеледі. Бұларды көрікке салуға келмейтіндіктен асқан зор еңбек шығарып, тер төгіп оларды шапқымен қарадай кеседі, бөлшектейді.
Не деген өнімсіз бейнетті еңбек. Өнімсіз еңбекке — мардымсыз жалақы ғой ол кезде. Жұмыс жоқ, қазіргідей бизнес жоқ. Бизнестің өзін жеткілікті ақшаң болса ғана аша аласың.

Ақша табу, үй ішін асырау оңай іс емес.
Біз соның бірін де түсінбей ойнап жүре беріппіз ғой.

Бірде жер төсекте ағайым екеміз бір көрпе астында түнгі ұйқыға кеткен едік. Мен неден екені белгісіз оянып кеттім. Үй іші тастай қараңғы болатын. Ортамызда көрпенің ішінде кесектеу бір домалақ нәрсе жатқан сияқты. Не екенін көруге қолымды тигізе беріп едім, ол зу етіп көрпенің аяғынан шығып кетті. Ол кеткен жақта жерде тұрған шелектер біріне-бірі соғылған дыбыс шықты. Мен қорыққаннан жылап жібердім. Шешем тұрып шам жақты. Бірақ үйде еш нәрсе жоқ. Есік жабық тұр. Бітеу дөңбек үйдің қай жерінен шығып кетуі мүмкін!
Әлі күнге бұл не екенін білмедім.

Тағы бір жолы нағашы атам мені ертіп алдыңғы қатарымыздағы ауылда Асубай деген қартқа амандасуға барды. Асекең жүзге келіп алжиын деді ме екен, үйіне келген кісіге «Мәмпәзи әкелдің бе» деп сұрайтын көрінеді. Соны білетін менің атам кампит ала келіпті. Үйде Асекең төрде жер төсекте жатыр екен. Нағашы атам кәмпитті қағазынан ажыратып Асекең аузына өз қолымен салмақшы болып еді, ол аузын ашпай ыңылдап басын алып қашты. Дәл осы сәтте тауықтың үлкендігіндей екі қаракөк құс ағаш төсектің астымен жүгіріп өтіп төр алдындағы жүкаяқтың астына барып кірді. Бір жағынан шығатын шығар деп қараумен болдым. Бірақ шықпады. Ал, кәмпитті шалдың аузына күштеп салғалы отырған атамды «Ол ауыз бекітіп жатыр» деп пештің аузында шошайып отырған Асекеңнің кемпірі тоқтатты.

Асекең бұрын атақты темір ұстасы болған екен. Ұсталық дарыған адамда көріктің иесі болады дейді. Кейін жаңағы екі құсты сол көріктің иесі болар деп жорамалдадық та қойдық.

Той үзінділері

Ою

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *