Баян-өлгий яғни қазақша Байөлке монголияның ең батысында орналасқан қазақ аймағының — орталығы.
Аймаққа 12 сумын қарайды. Сумын дегеніміз Қазақстанда болғанда — ауылдың дәрежесінде. Аймақта бірыңғай қазақтар ғана тұрады.
Мен онда 1970 жылы бардым. Әкеміз бен бірге туысқан Білеуқан ағаның жанына үй салдым. Ол кезде жер алып үй салам деп ешкімнен ұлықсат сұрамайсың. Қайда үй салам десең де жер тегін.
Біздің ол жерден бұл жерге көшіп жүруіміз нан табудың қамы ғой. Алғаш маған табылған жұмыс избес өртеу болды. Мәтқұрман деген сарттың қарауында он шақты жігіт бар екен. Мен солардың қатарына келіп қосылдым.
Жұмыс екі топқа бөлінеді. Бір жартымыз таудан избес тасын дайындап әкелуге кетсек, енді бір жартымыз осында қалып тастарды ұсақтап шағып, баюды толтыруға қаламыз. Осылайша күн сайын кезекпен ауысып жұмыстаймыз.
Избес өндіру үшін ең алдымен тас жаратын пистоны мен бос дәрісін алып бір машинамен тауларды аралаймыз. Тау беткейінде қандайда бір Ақсары жартас көрінсе біздің шикізатымыз сол болады. Жартастың түбін шұңқырлап қазып оған пистон мен дәріні қойып тұтанғыш білтенің ұзындығын өзіміз қауіпсіз жерге жеткенше тұтанатындай етіп қою керек.
Жетер жерімізге жетіп үлгергенде ол да жарылады. Қопарылып ұшқан тастар биікке барып барып қайта құлдырайды. Көтерілген шаң да біраз тұрып барып басылады. Сол кезде біз босап түскен тастарды машинаға тиеуге келеміз.
Енді әкелген тастарды ұсақтап шағу керек. Тас кесек болса уақытында пыспай шикі қалады. Өртеу уақыты 24 сағат. Ұсақтап шағылған тас «баю» деп аталатын үлкен құдықта өртеледі. Оның ең астында шойын темірден жасалған пештің колеснигі тәрізді сеткасы болады. Осы сетканың үстіне қабаттап көмірдің тамыздығына арналған ағаш төселеді. Бұдан соң кезекпен бір қабат көмір, бір қабат тас төгіп отырып құдықты толтыру керек. Толған соң астындағы ағашқа от қойылады.
Баюдың астында известі түсіріп алуға арналған үлкен үңгір бар.
Дайын болған избесті темір сетканың арасынан ұзын темір көсеумен жоғарыдан түртіп түсіріп алады. Түсірген кезде известің қышқыл шаңымен араласқан көмірдің күлі төбеден үстіңе құйылады. Төгілген күлдің арасынан извес тастарын теріп алып, қалған күлін далаға төгіп отыру керек. Өйтпесе бірнеше тонналық сиымдылығы бар баюдың ішіндегісі түсіріп алатын жерге симай кетеді. Үңгірден қақалып шашалып, өнбойымызды күл басып, кейпіміз кетіп шығамыз.
Қандай лас жұмыс дейсіз ғой! Солай бола тұра оған берілетін еңбек ақы да мардымсыз. Бұл еңбек теңсіздігі тек коммунистік совет үкіметі тұсында ғана емес, қазірге дейін жалғасып келе жатқан дүние. Жеңіл жұмыс істейтіндер, немесе мансаптылар көп айлық алады. Ауыр зиянды жұмысқа еңбекақы аз төленеді. Қоғам мансаптылар мен ақсүйектер, қара жұмысшылар деп екі жікке бөлінеді. Әзірге қоғамда мұны жеңетін күш жоқ болып тұр.
Қашан диктаторлық режімді өзгертіп мәдениетті өркенді елдің қатарына жетеміз деген сұрақ көкейде тұрады. Бірақ бізде ондай шама жоқ. Тек қана қоғамның оянуын күтеміз.
Мен осы извест өртеу жұмысында бір жыл істедім. Бұдан соң кірпіш заводында ауыстым. Кірпіш заводы екі үлкен бөліктен тұрады екен. Біріншісі кірпіш соғып шығарады. Екіншісі шыққан кірпішті кепкен соң өртейді.
Кірпіш өндіруге сары топырақты қазып тиеп тұратын экскватор жұмыстайды. Екі самосвал кезекпен жүгіріп топырақ тасиды. Әкеліп төккен топырақты күреп заводтың артқы есігіне жақындатып беретін шынжыр табан трактор дайын тұрады. Таятып берген топырақты төмендегі ременге сырғытып құлатып тұратын кісі болу керек.
Топырақ төменде жұмыстап тұрған сеткаға келіп түседі. Сетка кесек тастарын іріктеп, майда топырақты ременге жібереді. Ременмен келген топырақ біріне-бірі тиісіп, қарама қарсы айналып тұрған екі үлкен темір дөңгелек барабанның арасынан өтеді. Сеткадан өтіп кеткен ұсақ тастар осы жерде үгітіледі. Ары қарай ремен топырақты биікте тұрған илейтін моторға құйып береді. Кебірлеу иленген топырақ енді төмендегі поршеньге келіп, поршеннің қысу күшімен төртбұрыш қалып-камерадан сығылып шығады. Шыға берісінде сартылдап тұрған қиғыш бар, осы жерден әрбір кірпіш қиылып ременмен жүгіреді.
Шұбыра жөнелген кірпішті екі екіден ұстап арбаға тиейтін төрт әйел тұрады. Арбакештер тиелген кірпішті кептіретін сарайға жеткізеді. Сарайда арбаның екі жағында тұрып, әйелдер түсіріп жинайды. Босаған арба керпіш тиейтін жерге келіп дайын тұруы керек. Осылайша бес алты арбакеш заводтан сарайға, сарайдан заводқа айналып жүгіріп жүреді.
Арба жіңішке темір рельс жолмен жүгіреді. Әрбір Керпіш жинайтын сарайдың басында және шығар аяғында бұрылатын жері бар. Онда үстіне келген арбаны жеңіл бұратын жалпақ темір дөңгелек болады. Сол дөңгелектің үстінде арбаны бұрып келесі жолға салып алуға болады.
Керпіш тынымсыз тиеліп, тынымсыз түсіріліп жатады. Маңыздысы шұбырып ерменмен жүгірген кірпішті жерге құлатпай үлгіріп тұру керек.
Жанаргүлдің орындауында қыз ұзату.