Бата беру қазақтың ертеден келе жатқан тамаша дәстүрінің бірі. Қазіргі кезде осы дәстүр көмескі тартып, бата беретін адамдар сиреп барады.
Келінге бата
Айналайын қарағым, Жабырқамасын жанарың. Ақ босаға аттаған, Құтты болсын қадамың. Келген жердің бағы бол, Өмірінің мәні бол Төңірекке нұр шашып Ағарып атқан таңы бол. Айналайын жандарым Ашық болсын алдарың Тілектерің қабыл боп Орындалсын арманың. Сапарың айналайын сәтті болсын, Өмірің қосағыңмен тәтті болсын. Барған жерде баянды ғұмыр кешіп Тірліктерің өркендеп жақсы болсын. Құтты болсын шырагым ақ қадамың, Жабырқамай жүрсе екен көз жанарың. Ізгіліктің, ибаның, өнегенің, Сақтап жүр әр қашанда бәр талабын. Өмірдің Өрлеп шығып белесіне, Силы болсын ата мен енесіне. Төңірекке жұғымды мінезімен, Үлгі боп қалар болсын ел есіне. Ұядан ұшар кез келді енді міне, Жасаған бахыт берсін екеуіңе. Жаман атақ жапсырмай жүру парыз, Ата-ана сенімінің өтеуіне. Жасаған нәсіп етсін үлкен табыс. Отауың орда болсын елге таныс. Салтанатты сауатты тұрмыс құрып Ешқашан жібермеңдер қолдан намыс.
Хатымда бата
Иә жаратқан құдірет, Тілегімізді қабыл ет, Иманымызды кәміл ет. Қауіп-қатерден сақтап Жаратқан ием жәрдем ет Қиын-қыспақ кездер де Адаспайтын жол көрсет Мал бастарын аман өт, Басына бер мол бахыт, Асына бер берекет. Жақсылықтың барлығын, От басына нәсіп ет. Өткендерді жарылқап Жатқан жерін жарық ет. Топырағын торқа баба Имандарын жолдас ет Күнәсі болса кешіріп Жаннаттың есігін ашық ет.
Жаңа жылға
Жаңа жыл шуақты болсын Ден саулық қуатты болсын. Арайлап таңдарың атып Күндерің күлімдеп шығып Аспандарың ашық болсын! Жаңа жыл жайлы болып Дастархан дәмге толып Үй іші сәнге толып Шаңыраққа бақ қонсын. Иә құдайым оңдап, Әулие пайғампар қорғап, Тілеген тілекті қабыл етсін, Шапағат рахымын жолдап. Қауіп қатерден сақтасын, Денсаулық берсін сомдап. Кең өріске мал толсын, Жақсылық берсін таңдап. Дұшпан болса аяғын, Басатын болсын аңдап. Аспанымыз ашық болсын, Тұрмайтын болсын шаңдап. Берекелі бейбіт заман болсын, Шаттықты шаттыққа жалғап. Еліміз өркендеп өсе берсін, Биіктерге самғап.
Дастарханға
Үйлерің нұрға толсын, Өмірлерің жырға толсын. Тұрмыстарың сәнді болсын, Бахыттарың мәңгі болсын. Қадамдарың оң болсын, Алдарың даңғыл жол болсын. Еңбектерің еселеп, Табыстарың мол болсын. Ұзақ ғұмыр зор денсаулық Жасаған ием силасын Адал асы рыздығы Дастарқанға симасын Бағы жанып дәулет өсіп Табыс тасып өрлесін Шаттық сайран ғұмыр кешіп, Еш жамандық көрмесін Берекелі мерекелі Ошақ оты маздасын Басы аман малы түгел Тыныштықтан жазбасын. Дастарханға береке берсін, Отбасына мереке берсін, Астарыңа адалдық берсін, Бастарыңа амандық берсін, Дендеріңе саулық берсін, Шаңырақтан нұр берсін Төрге қызыр келсін. Түтіндері тік ұшып Ошақ оты маздасын Айрандай боп ұйыған Тірлігінен жазбасын. Жасаған өзі жақ болсын Пейілдерің ақ болсын Бастарыңа бақ қонсын Қабыл болып ниеттерің Орындалып тілектерің Көңілдерің шат болсын.
Тойға
Дастарханың бай болсын. Қазан-ошағың май болсын. Төрт түлігің сай болсын. Көңілің толып жай болсын. Бергеннен алла танбасын, Көбейе берсін мал басың, Аман сау болып жан басың, Арманың көкке самғасын. Салтанат сәнің ұнассын Атақ даңқың қыр ассын Қуаныш қызық көп болып, Тойың тойға ұлассын. От басы, бала шағаң аман болсын Тыныштық бәрімізге заман болсын Табиғат таусылмайтын ырыс беріп Үйіңде берекелі тағам болсын Беделің ел ішінде арта берсін Бақ дәулет қызығымен қатар келсін Бүгінгі дүбірлі той құтты болып Көңіліңе шабытты шаттық берсін Мереке, сәтті күндер бола берсін Үй іші қуанышқа тола берсін Осы бір жан ұяда бәріңізге Кетпейтін бахыт құсы қона берсін.