Мен кім болдым

Бұрын баланы мектепке 8, 10 жасқа келгенде ғана беретін. Мені де сол 10 жасымда сабаққа берді. Бұл 1957 жыл болатын. Бастауыш мектепті Ақкөлден оқыдым.

Сабақты Ақкөл де оқыған себебім онда менің нағашы атам тұрды. Мені осында бұрын да әкем әкеліп, біраз мерзімге тастап кетіп жүретін. Орыстардың осында тұрақты жұмыстайтын бес алты семиясы болды. Олар орыстан келетін жүк пен оның орнына кететін малдардың бақылауын қадағалайды. Орыстан түрлі жанар-жағар майлар келіп базаға құйыпады. Ұн, чай басқа түрлі тобарлар камазбен келеді. Ал оның орнына Монголдан жазда табын-табын сиыр, қой айдалады. Қыста осы Ақкөлге жеткізілген сиыр мен қойларды сойып, етін қатырып тиеп әкетеді.
Ақкөл де отын тапшы. Көмір әлі Баян өлгийде шыға қоймаған. Қовданголдағы ел түйеге теңдеп ағаш отын әкеліп сатады. Бір түйе отынды Ақкөлдіктер 17 төгрөгке алады.
Қовданголдағылар екі үш түйесіне отын теңдеп қыстың сарышұнақ аязында қанша ерте шықса да жолға қонып, ертеңінде кешке Ақкөлге жетеді. Отынын сатып, бес он теңгесін қалтаға басып ертесіне қайта қайтады.
Бастауыш ол кезде 4 жыл. Әкем 1959 жылы 52 жасында қайтыс болды. Жазда сол Ақкөлге тақау барып жайлаушы едік. Өйткені жазда Ховданголда шыбын шығып кетеді. Ақкөлде үш көл бар. Олар: Басқы көл, Орта көл, Аяққы көл деп аталады. Ақкөлдің елі Басқы көлді жағалай отырады. Біз Аяққы көлге келіп отырған едік.
Әкем сонда Ақкөлдің зиратына жерленді.
Сол 1959 жылы 8 айда монголда халықтың меншік малдарын сутегін жинап алып «Қыршаруашылығын бірлестіктендіру» науқаны жүрілді. Әкеміздің жинаған азғана малын сыпырып алып кетті. Бұны бастап ұйымдастырған сол кездегі үкімет бастығы Ю. Цэдэнбал болатын. Ол артынан осы науқанды 1921 жылғы революциядан кем түспейтін маңызды жеңіс болды деп мақтады.
Бірақта бұл жеңіс емес халықтың қолындағы өндіріс құрал жабдығынан айырған, үкіметтің өркенін тежеген іс болып шыққан жеңіліс екенін өмір көрсетті.
Осы науқанның нәтижесінде үкіметтік бірлестіктер құрылды. Енді халықта жекеменшік жоқ. Сол бірлестіктерге жалданып жұмыстау керек болды.
Бастауыш мектепті бітіріп аймақ орталығы Өлгей қаласына 1961 жылы орта мектепке ауыстым. Бірақ бұл орта мектепті бітіруді маған жазбапты. 6 сыныпқа барып жүріп шаш алдырмаймын деп директорға егесіп сабақтан шығып кеттім. Арада біршама уақыт өтті. Қайта баруға ұялдым, дәтім жетпеді. Осылайша 1962 жылы оқуым үзілді.
Қырсық мінезім өкінішке ұрындырды. Енді не істеймін. Бір жыл бос жүрдім де келесі 1964 жылы тіленіп 17 жасымда әскерге кеттім. Әскер мерзімі үш жыл. Уланбатордың шығыс жақ шеті Уляастай деген жерде бір жыл тұрдық. Қыс бойы дайындық курсынан өтіп келесі көктемде Говалтай аймағының Дэлгэр сумыны маңына келіп орналастық. Қарауымызда локатор станциясы болды. Оның міндеті шекараға кіріп келген бөтен ұшақтың координаттарын орталыққа хабарлау болатын.
Әскерден 1967 жылы қайтып үйге оралдым. Әскерде үйренген мамандықтарым ешнәрсеге жарамады. Өйткені ондай мамандық орны жоқ. Сондықтан бірлестікте қой бақтым. Жалақы мардымсыз. Бұдан ештеңе өндіре алмаған соң 1970 жылы аймаққа кетіп құрылысқа жұмыстадым. Сонда тұрып үйлендім. Осында Дәулетхан, Зәуреш, Сәулеш деген үш бала дүниеге келді. Жеті жылдан соң Налайх шахтасы маңындағы Архустайға трактор курсына аттандым. Келгеннен кейін көп ұзамай 1978 жылы тракторға жұмыстау үшін Ногоонуурға көштім. Осында Зураш, Гүлмира, Жанаргүл деген үш бала дүниеге келді. Монголияда ең көп тұрған жерім осы Ногоонуур екен. 14 жыл тұрыппын.  Ал  қазір 1992  жылдан бері Қазақстандамыз. Мұнда келгелі қой бағудан өзгеге жарамадық. Енді қартайып қой бағудан да қалдық. 

Сонымен мен кім болдым. Тірлік ету үшін, балаларды асырап өсіру  үшін жұмыстың ауыр жеңілін талғамайтын көнбіс қара жұмыскер болып келдім. 

Ою

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *