Монголға сапар

Біз Семейден Монголияға сапарға шықтық. Қазақстан шекарасын асқан соң Горно-Алтай жерімен Рубцовск, Барнаул, Бийск қалаларын басып Чуйский трактыға қосыламыз. Таңертең шыққан едік. Жол жақсы машина бөгетсіз, тоқтаусыз заулап отырса да Бийскіге жеткенше түн болды. Дөңкиіп қарауытқан таулардың сұлбасы ғана көрінеді. Түннің ортасы болса да алдымыздан жарығын жарқыратып өтіп жатқан машина таусылмайды. Тар шатқалда қатарласып отыруға сыймай ұзынынан ұзаққа созылған ауылдар жиі ұшырайды. Чуйский тракт қандай керемет жол!

ұшпа қиясы болсада, өзеннің шыңырау жарқабағы болсада бәрі бір қағары жоқ тақта жол, жазық сияқты. Қаншама биік құзар тауға шыққаның, қаншама тік еңістен түскенің еш білінбейді. таусылмайтын терең шатқалды қуған жол біресе өрге тартады, біресе еңіске тартады, кейде тік қияны жағаласа, кейде алып жартасты кесіп өтеді.

Шатқалды құлдырай аққан өзенде кейде алыстап, кейде жақындап қасыңнан қалмайды. Шатқал ішінде ауыл көп. Жеңіл шатырын тігіп түнеп жатқан шетелдік туристер де көп кезігеді.
Табиғат сұлулығын аямай осы Алтай тауларына төккендей. Асқар биік тау бөктерінің екі жағыда қарағай, қайың ну орман. Арасында еңіске қарай құлдырай аққан мөлдір бұлақтар. Ауасының тазалығын аппарат керектенбей-ақ жаныңмен сезесің. Тынысың кеңіп, мейірің қанады. Тамаққа тәбетің ашылады. Ауыруыңнан айыққандай сергіп қаласың!
Жері салқын, түні тіпті салқын. Жанға рахат. Түнде жаңбыр болса таңертең жерден бу көтеріліп жатқанын көресің. Олар біріне-бірі бірігіп тұман құрыладыда таудың басына таман барып сол жерге бұлт болып тоқтайды. Биік таудан ары аса алмай тұрғандай сонда көп тұрады.

Таусылып бермейтін ұзын шатқалды машинамен тоқтаусыз бір күнге жуық жүріп өтесің.
Шатқал аузынан шыға қалғанда жердің көрінісі де өзгеріп сала береді. Жасыл желек жамылған биік таулар артта қалады. Алдымыздан ойпаттау жазық ашылып, ар жағынан жамылғысы жоқ жалаңаш, жадағай көк таулар көрінеді. Міне бұл Монголия жеріне жақындағанның белгісі.
Осыдан бастап шөп те тықыр аласа өседі. Себебі қыста қар аз жауады. Жаз салқын болады.
Сондықтан шыбын, қарашыбын аз. Қой құрттамайды. Шөп қысқа болғанымен құнарлы болады. Малы да солай. Сүт аз береді, бірақ майлығы көп құнары мол. Мал етінінің сапасы да бөлек. Майы өтімді келеді. Сорпадан көбірек ішіп алсаңыз аязда тоңбайсыз.
Қар аз түсетіндіктен малдары қысы-жазы өрісте болады.

Осы жазықта Қос-ағаш, Жаңа ауыл деген екі ауылдан өтеміз. Ары қарай қайқайып барғанда бел түбінде орыстың шекарасы Тачантыға жетеміз. Осыға дейін 24 сағат жүрген екеміз. Баян-Өлгийге жеткенше әлі де бес-алты сағат жүреміз.
бірақ ерте алақайлауға болмайтын сияқты. Өйткені алдымызда қырықтай машина ары өтуге очеред тосып тұр екен. Артына келіп біз де тұрдық. Шет елдік туристер машинасы көп көрінеді. Монголға Қазақстаннан жолаушылар бар. Монголдан келіп, қайтып бара жатқан саудагерлер бар. Баян-Өлгийге бензин тасыған орыстың камаздары бар. Арғы жақтан бері өткелі тұрған жиын құрамы тағы осындай көрінеді.
Кеденшілер бергі жақтан бес машина кіргізіп тексеріп өткізсе, келесі жолы арғы жақтан
бес машина кіргізіп, екі жақты кезек өткізіп тұр. Бұлар кешкі беске дейін жұмыстайды.
Бестен кейін жұмыстан түсіп кетеді. Шекара ертеңге дейін жабылады. Ауысатын смен жоқ.
Әрбір машинаның жүгін түсіріп камерадан өткізеді. Әрбір адамның құжатын тексереді. Уақыт көп кетеді.
Кешкі беске дейін сиыспағандары қонып қалуға мәжбүр болады. қонақ үй жоқ. Сол себепті пысық біреулері очередті бұзып кіруге жанталасады. Біз де қонып қалуға шақ қалып үзілісте әреңдеп өттік. Таңертең онбірде келген едік. Алты сағат очеред тосып тұрыппыз. Енді алдыда монголдың шекарасы Қызыл үй деген бар.
Мұнда да смен жоқ. Бір тәуірі бұлар тачантыдан бір сағат кейін жабылады екен. Сонымен қатар мұндағылар алдыңғыдай керенау емес, тез қимылдап тұрғандықтан бұдан да өтіп кеттік. Баян-Өлгийге түнде келдік.

Қазақтар тұратын Аймақ халқының тірлігі танымастай өзгеріпті. Үй басы екіден үштен машина. Коттедж үйлер көбейген. Бұрын шатыры жоқ жадағай төбелі тамдарда отырушы еді. Жаңбыр көп жауса төбеден су сорғалайтын. Сыртынан қарағанда үйден гөрі мал қораға көбірек үқсаушы еді. 1992 — жылы біз өзіміз де сондай үйде отырып көштік.
Ауыл село халқының тұрмысын көтеруге қолайлы жағдай жасалған. Совет үкіметі тұсындағы ауыл дәулеті — техника, мал, жер, су мансаптыларға емес шаруаларға, қарапайым жұмысшы халыққа үлеске бөлініп берілген. Егіндік, шабындық, өріс, су, мал үшін көп жылдар бойы налог салмаған. Оған қосымша үкіметке өндірістен түскен табыстан проценпен ақша бөліп беріп отырған. Ал тұрмысы төмен отбасыға көмек бұдан бөлек.
Монголда Ардчисан Холбоо шығып Үкіметті өз қолына алған соң, бұрынғы басшыларды президенттен кілтшіге дейін тұтас ауыстырған еді. Олардың ұраны халықтың тірлігін жақсарту үшін күрес болатын. Партиялар әліде сол ұранды ұстанып арасындағы талас-тартыс бәсекелестік тек қана халықтың тұрмыс-тірлігін жақсарту үшін жүріледі.
Өйткені халық бай болса үкімет бай. Жер су, дәулет — халықтікі. Үкімет халық үшін қызмет жасайды деген принцип ұстанады.

Баян-өлгий достық шыңы 

Ою

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *